РусскийҚазақEnglish

 

1. Бхаратанатьям 
Бхаратанатьям - Тамилнада штаты би өнерінің нәзік те күрделі түрі. Бұл әрі серпінді, әрі ширақ нәзік би стилі. Биден сұлулық пен жігер, баяулық пен шапшаңдық, таза бимен пантомима қатар сезіліп тұрады. Бхаратанатьям стилінің атауы «Үндістан биі» ұғымын білдіреді деген пікір кең тараған. Бірақ мына бір болжам шындыққа жақындау сияқты, ол бойынша Бхарата келесі сөздердің бірінші буындарынан тұрады: бхава (сезім), рага (саз) және тала (ырғақ). Бхаратанатьям ежелгі индуистік  мифтер мен салт - рәсімдерден бастау алады. Бұл әсіресе орындау үшін іріктелген мәтіндерден, көне храмдардағы биші қыздардың мүсіндік бейнелерінен  және осы би стилінің өз философиясынан айқын көрінеді. Оңтүстік Үнді храмдарындағы мүсіндер музыка мен биді адамдарға құдайдың өзі бергенін паш етеді.
Бхаратанатьям - өнердің көп қырлы түрі. Ол музыканы, поэзия мен патомиманы қамтиды. Нритта - би стилінің жүрегі, әсем техника, ал Нритья - оның жаны, Натья - бидің драмалық қыры. Музыка, ырғақ және өлең - бишіні  шабыттандыратын мәңгілік қайнар көздер.

2. Одисси
Дене күйінің және би қозғалыстарының айырықша мүсінділігі Одисси стилінің өзіндік ерекшелігі болып табылады. Одисси бидің - қозғалатын мүсін, ал мүсіннің – сіресіп, қатып қалған би екеніне иландырады. Одиссидің негізгі қалыптары - чаука немесе квадрат, трибхана немесе үш бүгіліс. Мангалачаран, Бату, Паллави және басқа да билер  Орисса штатындағы Одисси репертуарына жатады.

3. Манипури
Үндістанның солтүстік шығысындағы Манипур штаты жұмақтай сұлу аңғорға орналасқан. Манипури билерін, қағида бойынша бишілер тобы орындайды, бірақ жеке орындаулар да бар. Биші қыздардың ұршықтай үйірілген және дөңгеленген қимылдары ғажайып әсемдікпен, талғампаздықпен және нәзік үйлесіммен ерекшеленеді; тізелері бүгілген дененің қалпы сегіз санын елестетеді; жүздеріне арман мен сыршыл сезім ұялаған. Киімдері өзгеше әшекейлі, жалт - жұлт еткен зерлерге толы; беттеріне жартылай ақшыл перде тұтқан. Биші қыздың кеудесі мен дене қимылы үнді фрескаларындағы айшықты бейнелерді елестетеді. Таза би нөмірлері белгі бір тұспамен орындалады; биші қыздар кеңістікте нәзік үйлесім жасайды.

4. Кучипуди
Кучипуди биінің отаны - Үндістанның оңтүстігіндегі Андхра - Прадеш штатындағы Кучелапурам аталатын деревня, мұнда классикалық би дәстүрі сонау ерте замандарға ұласады, өйткені Амаравати сияқты ежелгі храмдарда биші қыздардың мүсіндік бейнелері салынған. Драмалық және классикалық би, үнді эпосының сюжеттері мен нәзік үйлесім табады, Кучипудидің қайталанбас әсемдігі де осында; абстрактты және бейнесі би айқын көрінетін драмалық элементпен жарасымдылықта болады. Би кезіндегі шапшаң  секірістер мен айналымдар, қимылдардың нақыштылығы, батыл да сезімге толы жанарлармен көз ойнату - терең лиризмнің қыр - сыры. Кучипудиде таза бидің элементтері кең таралған. Мәселен, Тарангам , мұнда бишіге арнайы бұйымдар беріледі. Басына су қүйылған құмыра қойып, аяғымен мыс табақтың үстінде тұрып, биші аяқтарымен күрделі қимылдар жасайды.

5. Катхак
Үндістанда абызды Катхак деп атайды. Катхак биі елдің солтүстігінде пайда болды, өлеңдерді бет қимылдарымен және бимен жеткізген храм абызшылары, осы бидің тұңғыш орындаушылары болады. Ұлы Моголдар дәуірінде осындай бишілерді сарайға шақырып отырған, содан Катхак күрделі ырғақтармен, өкше қимылдарымен ұласып, дами түскен. Биші қыз кеудесін бүкпестен қимылдайды, сондықтан ол шапшаң пируэттер жасайды. Бүкіл бидің  композициясы табланың соңғы дыбысымен аяқталады. Композициясының қысқа болуы да мүмкін, өйткені би жылдам қарқынмен орындалады, бірақ биші қыз сонда да әсем, әрі айшықты қимыл жасайды.
Катхак индуистік храм мен мұсылман сарайының дәстүрлерін үндестірді және оларды өзара байытты, үнді халқының даналығы да осында.

6. Саттрия
Саттрия Нритья немесе Саттрия биі - Үндістанның негізгі сегіз классикалық би дәстүрлерінің бірі. Осы стиль Солтүстік шығыстағы Ассам штатында пайда болды. Тарихи деректер бойынша, Саттрия ұлы Гуру мен Бхакти дінінің ізбасары - Шримант Шанкарадеваның (XV ғасыр) туындысы болып табылады. Оны Ассам әдебиеті мен мәдениетінің негізін салушы және жасаушы деп есептейді. Шанкарадева осы биді, ол да өзінің туындысы болып табылатын Ассам дәстүрлі бір актілі пьесасының түрі - Анакия Наатты сүйемелдеу үшін шығарған. Анакия  Наатты әдетте Сатрда немесе Ассам монастырында орындаған. Бастапқыда осы биді ер адамдар ғана – Бхокот монахтары билеген. Бұл олардың күн сайынғы рәсімдерінің бір бөлігі, сондай-ақ түрлі мерекелерде көрсететін өнерлері болған. Қазір оны ер адамдар да,  әйелдер де, жеке және топпен де орындайды.

7. Катхакали
Катхакали - Керала штатының үлкен сюжеттік өнері. Дәстүр бойынша Катхакалиді тек ер кісілер ғана  орындайды. Киімдер мен грим Катхакалиге ерекше салтанаттылық пен айбындылық береді. Кейіпкерлерді бетке маска тәріздес жағылған  және сызықтары мен суретінің күрделі нышанымен ерекшеленетін гримнің түсінен таниды. Катхакалиде таза би нөмерлері бейнелеу өрнектерімен ұштасады. Көз ойнату, қас пен бет қимылдары арқылы кейіпкерлердің аса нәзік көңіл күйлері беріледі. Ыммен сөйлеудің тілі біршама күрделі. Бейнелістік көріністі жақсы түсіну үшін, алдын-ала сюжетті білу керек. Катхакали эпикалық шығармалар «Махабхарата»,  «Рамаян» және басқа да әдеби туындылардан алынған сюжеттерді пайдаланады.

8. Мохиниаттам
Мохиниаттам - Керала штатындағы бидің өзгеше әсем түрі. Ежелгі заманда оны тек әйелдер ғана билеген. Толқын тәріздес, дөңгеленген би ырғақтары өте нәзік.  Мохиниаттам – арнау - би. Оның негізгі тақырыптары махаббат пен Абсолютке адалдық. Мохиниаттам репертуары классикалық дәстүрді ұстанады. Чоликеттуден басталып, содан кейін Джатисварамға, Варнамға, Падамға ұласады да, ең соңында Тилланамен аяқталады.